Тәуелсіздік күніне тарту: «Хабар» Агенттігі мерекелік бейнебаян ұсынады

«Хабар» Агенттігі ел намысын қорғап жүрген, батыр әрі өнерлі ұлдардың құрметіне арналған мерекелік бейнебаян ұсынады.

Ән «Қазақтың ұлдары» деп аталады. Туындыны талантты жас әнші Ержан Максим орындайды.

Ержан Максимнің жаңа клипі «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. «Қазақтың ұлдары» деп аталатын әннің сөзін ақын Рахат Әбдірахманов жазған. Музыкасы Ерболат Досболатұлынікі.

Былтыр Ержанның Junior Eurovision байқауында 2-орын алғаны баршаңызға мәлім. «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді халқымыз. Бұл клип – «Хабар» Агенттігінің өнер додаларында топ жарып жүрген Ержанға жасаған сыйы.

Клипке Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, кәсіби боксшы Жанқош Тұраров секілді спортшылар мен әншілер түсті. Режиссері – Нұрсерік Қамбар. «Ән мен түсіру жұмыстары да көңілімнен шықты», – дейді өнерпаз.

Тәуелсіздік күніне арналған жаңа бейнебаянның тұсаукесерін бүгіннен, яғни 14 желтоқсаннан бастап «Хабар» телеарнасынан және «Хабар» телеарнасының YouTube арнасыннан тамашалай аласыздар.