Экспорт үшін тиімді тауарларды айқындау құралы әзірленді

Қазақстанда экспортта келешегі бар тауарларды анықтайтын алғашқы құрал жасалды. Бірегей әдістің әзірлеушілері – Қазақстанның Даму банкі. Қаржы ұйымы елдің сыртқа шығаратын өнімдерін әртараптандыруға айтарлықтай әсер етуі мүмкін 50 тауардың тізімін айқындады. Басқаша айтқанда, осы құралдың көмегімен қазір қандай отандық өнім сыртқы нарықтарда сұранысқа ие екенін білуге болады.

Рахымжан Сатаев, Қазақстан Даму банкінің басқарушы директоры:

- Бұл біздің елде өндірілген алайда әлі танымалдылыққа аса ие болмаған тауар болуы мүмкін немесе ол өнім тіпті болмауы да мүмкін. Нәтижесінде арматура, бекіткіштер, пластмассадан жасалған бұйымдар, топырақты өңдеуге арналған ауылшаруашылық жабдықтары, шойын мен болаттан жасалған бұйымдар сияқты тауарлардың экспорттық нарықта жақсы сатылатын заттар екені анықталды. Тауарлардың толық тізімін біздің сайттан көре аласыздар.

Арнайы бақылаудың көмегімен анықталған тауарлардың қатарына темірден, болаттан жасалған бұйымдар, өңдеу өнеркәсібінің, құрылыс, химия және машина жасау салаларының өнімдері де жатады. Сарапшылардың пікірінше, бұл тізім олардың шетелдегі сұранысына сәйкес өзгеріп отырады.

Рахымжан Сатаев, Қазақстан Даму банкінің басқарушы директоры:

- Кәсіпкерлер үшін бұл өте пайдалы ақпарат деп санаймын. Себебі олар біздің порталдан өңірлер, тауарлар бойынша Қазақстанның импорты, экспорты туралы толық ақпаратты, статистиканы таба алады. Қазақстанның экспорттық қоржынын әртараптандыру үшін перспективті тауарлардың тізімін, сондай-ақ кедендік баждар туралы ақпараты бар бәсекеге қабілетті өткізу нарығы бойынша ақпарат, әлем елдерінің экспорттық қоржынының құрамы туралы да сол жерде жарияланған.

Банк өкілдерінің айтуынша, алгоритм Қазақстанның және әлемнің басқа 200 елінің экспорттық қоржындарының талдауына негізделген. Болашақта сарапшылар елдің әрбір жеке аймағы үшін перспективті салалардың тізімін зерттеуге ниетті. Осылайша, елдің өндірістік мүмкіндіктері анықталады.

Авторы: Ақзер Сегізбай