Қазақстан мен Қытай тау-кен саласында бірлесіп жұмыс жасамақ

Қазақстан мен Қытай тау-кен өнеркәсібінде бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асырмақ. Олар негізінен кен барлау, оны шығару, байыту және терең өндіруге қатысты. Қос тараптың инвестициялық ынтымақтастығын тереңдету мәселелері Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі шеңберінде талқыланды. Кездесуде біздің делегация қытайлық әріптестерін елімізде шетелдік инвесторларға берілетін жеңілдіктер мен артықшылықтар туралы хабардар етті. Өз кезегінде, ҚХР іскерлері ынтымақтастықтың түрлі жолдарын ұсынып, технология және қаржы салаларында шетелдерде жүзеге асырып жатқан өз жобаларымен таныстырды.

Цзя Минсин, Қытай түрлі-түсті металлургия қауымдастығының бас хатшысы:

- Қытай көп жылдан бері түрлі-түсті металлургияны дамытып келеді. Біз кен барлау, өндіру, құю және байыту технологиялары бойынша әлемде 1-орынды иеленеміз. Сондықтан екі елдің бір-бірінен үйренері көп. Қытай Қазақстанда алюминий және мыс өндіру бағытында бірнеше жобаны жүзеге асырған. Сондай-ақ біз сіздерге құрал-жабдықтар мен технологиялар жеткіземіз. Бұл өз кезегінде, өндіру құнын арзандатуға мүмкіндік береді.