Әлемдік мұнай нарығы қалпына келуде

Әлемдік мұнай нарығы қайта оңалып, «қара алтынның» құны өсуде. Наурыз айынан бастап алғаш рет Brent маркасы барреліне 71 доллардан саудаланып жатыр.

Сарапшылар атап өткендей, нарық «ОПЕК+» министрлік бақылау комитетінің шешіміне осылайша жауап берді. Кездесуге қатысушылар шілде айында өндірісті ұлғайта отырып, мәміленің бұрынғы параметрлерін сақтауға шешім қабылдады. Картельде «қара алтынға» әлемдік сұраныс жыл соңына дейін пандемияға дейінгі өз деңгейіне оралады деп күтілуде. Болжам бойынша, бұл әлемдегі жетекші АҚШ пен Қытай экономикаларының өсуі, Еуропада жазғы демалыс маусымының басталуы, сондай-ақ көптеген елде коммерциялық мұнай қорының төмендеуі аясында болуы мүмкін.

Алайда қазақстандық сарапшылар бір баррель үшін 70 доллардың бағасы тым жоғары және ұзақ сақталмайды деп есептейді. Бірақ баға белгілеудің қысқа мерзімді өсімі Қазақстан экономикасына оң әсер етуде. Елдегі өндірудің ағымдағы тәуліктік көлемі кезінде баррель құнының 1 долларға өсуі шамамен 1,5 млн долларға айналуы мүмкін.

Олжас Байдилдинов, мұнай-газ саласының сарапшысы:

- Пандемияға дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда, біз қалыпқа келген жоқпыз, бірақ Энергетика министрлігі мен республика Үкіметінің арқасында «ОПЕК+»-те жақсы позицияларды қорғай алдық. Ресей мен Қазақстанға өндірісті ұлғайтуға рұқсат етілді. Әр баррельдегі әр доллар – біздің экономикамызға, жұмыс орындарына қосымша плюс. Дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге оралған кезде, мүмкін келесі жылы біз толықтай қалыпқа келеміз деп ойлаймын. Әзірге бұл келісім барлық мүшені байланыстыратындықтан, өндіруді өзіміз қалаған көлемде өсіре алмаймыз. Сондай-ақ баға факторы да бар. Жыл соңына дейін барреліне 60-70 доллар шамасындағы жеткілікті бағаны көргенде, мұнайшылар инвестиция сала бастайды.