Қазақстан мен Корея бірлесе жерсеріктерін шығаруға ниетті

Сеул мен Нұр-Сұлтан бірлесіп, жерді қашықтықтан зондтау спутниктерін шығаруды жоспарлап отыр.  

Айта кетейік, қос тарап ынтымақтастығының тағы бір жаңа бағыты – ғарыш. Өз кезегінде Қазақстан да жерді қашықтықтан зондтайтын «18 KazEOSat» жерсеріктерін топтастыруды жоспарлап отыр. Ал жақында Корея Байқоңырдан жер серігін жіберді, оның негізгі бөлшектері Таңғы Шық елінде жасалған.

Мәлік Олжабеков, Цифрлық даму, инновациялар және ғарыш өнеркәсібі министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

- Біз кореялық компаниялардың тек бөлшектер жеткізуші ретінде емес, сонымен қатар осы жобаға бірлесе инвестиция салуын қалаймыз. «Сатрек» компаниясы спутниктерді ғарыштық аппараттардан бақылаумен танымал. Екі елдің әлеуеті мен тәжірибесін біріктіре отырып, әлемдік нарыққа геоақпараттық өнімдермен шығуға мүмкіндік бар. Алғашқы қадам қашықтан зондтау суреттерін өңдеу бойынша тәжірибе алмасу болады. Екінші қадамда серіктестіктерді өндірістік ынтымақтастыққа шақырамыз. Кореялық компаниялар авионика, пайдалы жүктеме, оптика өндірісінде өте мықты. Ал біздің борттық компьютерлер, түрлі сенсорлар және қызмет көрсету жүйелер бойынша жақсы тәжірибеміз бар.

Сонымен қатар екі жақ энергетика минералды ресурстар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Қазақстан мен Корея елдерінің өкілдері Шымкентте базалық май шығаратын зауыттың құрылысы, сондай-ақ елімізде газ құю станцияларын салу жобасын арттыру жөніндегі бірлескен жобалармен бірге атом энергетикасы мен металлургия саласындағы серіктестік келешегін талқылады.

Далида Алдабергенова, Қазақстан ұлттық атом компаниясының бөлім басшысы:

- 15 жыл ішінде Қазақстан мен Корея атом энергетикасы саласында мықты серіктестік орнатты. Соңғы келісімшарт 20 қаңтарда жасалып, 20 наурызда сәтті орындалды. Сондай-ақ біздің еншілес компаниямыз және «KHNP» арасында 2025 жылдан 2029 жылға дейін уран жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарт бар.

Хан Сын Хун, кореялық компания директорының орынбасары:

- 100 мың тонна ферросилиций шығаратын зауыт салу жобасы қарастырылып жатыр. Бұл – металлургия саласы үшін маңызды шикізат. Шамамен 3 жыл бұрын тапсырыс берушімен келіссөз бастадық және осы күнге дейін талқылауды жалғастырдық. Нәтижесінде былтыр қараша айында, пандемияға қарамастан, Қазақстан мен Корея үкіметтерінің арқасында бізге 10 адамдық делегация келіп, жоба құру туралы келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта негізгі дизайн қаралып жатыр. Маусым айының ортасында 10-ға жуық қызметкеріміз жобалауды талқылау үшін Қазақстанға аттанады.

Екі ел алдағы уақытта орман шаруашылығы саласында да, агроөнеркәсіптік кешен және сумен жабдықтауды цифрландыру саласында да өзара тәжірибемен алмасуға ниетті.