Елордаға 11 трлн теңге инвестицияланды

Қазақстан астанасы – Еуразиядағы бәсекеге қабілетті қалалардың бірі. Бас қала мәртебесіне ие болғалы еліміздің астанасына шамамен 11 трлн теңге инвестицияланған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Жыл басынан бері елордаға 225 млрд теңгеден астам қаржы тартылған.

Эльдар Гарифуллин, «Astana Invest» ҚИДО» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

- Қазақстандағы әрбір екінші инвестициялық келісімшарт Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі. Неліктен? Себебі Нұр-Сұлтан қаласындағы инвестициялық ахуал өте қолайлы. Әкімдік тарапынан, «Astana Invest» компаниясы тарапынан көпқырлы жұмыс жүргізілуде, жер іздеуден бастап, жобаларды толық сүйемелдеуге дейін инвесторларға қолдау көрсетіледі.

Ең жоғары инвестициялық белсенділік жылжымайтын мүлік саласында байқалып, бұл секторға 93 млрд теңгеден астам инвестиция құйылыпты. Көлік саласына шамамен 9 млрд, көтерме және бөлшек саудаға 3,7 млрд, сондай-ақ білім саласына 2,4 млрд теңгеге жуық инвестиция салынды.

Эльдар Гарифуллин, «Astana Invest» ҚИДО» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

- Биыл жалпы құны 632 млрд теңгені құрайтын 2,5 мыңнан аса жұмыс орнын құру мүмкіндігімен 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде өндірістік кәсіпорындар, қоғамдық демалыс орындары, орта мектептер бар.

Елорданың ең белсенді инвесторларының үштігіне Сингапур, Араб Әмірліктері және Түркия елдері кіреді. Соңғы мемлекеттің компаниялары қазір қалада бірден бірнеше жобаны жүзеге асыруда. Оның арасында сол жағалауда 2,5 гектар аумақты алатын сауда ойын-сауық орталығы бар. Нысан келесі жылы ашылмақ.

Атилла Атмаджа, инвестор /Түркия/:

- Ежелден бері Қазақстан және Түркия халықтары бауырлас болып келе жатыр. Осының арқасында инвестициялар көбейіп жатыр. Қазақстанға әлі де инвестиция құюды көбейту керек. Сондай-ақ кейбір органдар қашан да біздің жанымызда болады. Қандай да бір қиындықтар болса, олар қолдарынан келгенше шешуге тырысып жатыр.

Инвесторлар үшін Қазақстанмен іскерлік байланыстың тағы бір тиімді артықшылығы – еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі. Ол жалпы ішкі өнімі 2 трлн доллардан асатын 180 млн-дық нарыққа жол ашады. Оған қоса бизнес жүргізуге деген қолайлы жағдайды әлемдегі ең маңызды зерттеулердің нәтижелері де растайды. Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде Испания, Франция және  Нидерланд секілді дамыған мемлекеттерді басып озып, 190 елдің ішінде 25-орынға жайғасты.