Қазақстанда өнеркәсіптегі кәсіпкерлік сенімділік индексі өсті

Қазақстанда елдің өнеркәсібіне кәсіпкерлік сенімділік индексі өсіп келеді. Басқаша айтcақ, аталмыш саладағы кәсіпкерлердің жағдайы жақсаруда. Мұндай қорытындыға еліміздің Ұлттық статистика бюросының мамандары келді. Олар осы саладағы ірі компаниялардың басшыларымен сұхбаттасып, респонденттердің 75 проценті, ал бұл 2600-ден астам зауыт, өз кәсіпорындарының экономикалық жағдайын «жақсы» және «қанағаттанарлық» деп бағалады.

Осылайша, кәсіпкерлердің 59 проценті қаржы-шаруашылық саласы жақын арада өзгермейтіндігіне сенімді болса, 15 проценті жағдайдың жақсаратынын айтады. Ал қалған 15-і саланың нашарлайтынына болжам жасады.

Айта кетейік, егер биылғы жылдың көктемінде еліміздің өнеркәсібіндегі іскерлік сенімділік индексі төменгі деңгейде болса, күзде 5 процентке өсті.

Сонымен қатар, сарапшылар сауда қызметінде айтарлықтай жақсы өзгерістің барын айтуда. Менеджерлердің басым бөлігі кәсіпорындардағы экономиканың жақсарғанын атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс саласында да – индекс өсті деуге әбден болады.