ЕАЭО елдеріне шығатын көкөніс экспортының көлемі 4 есе артты

Соңғы бес жылда Қазақстан ЕАЭО елдеріне көкөніс экспортының көлемін 4 есе ұлғайтқан. Ал жөнелтілген жеміс көлемі 2, ал сүт өнімдері 3 есеге артты. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев хабарлады.

«Пандемияға қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 5,6% ұлғайды. Ал ЕАЭО елдері бойынша бұл көрсеткіш орташа есеппен 2,3% құрады. Бұл, әрине, соңғы көрсеткіш емес», – деді вице-министр.

Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері сияқты терең өңделген өнім экспортының көлемін де едәуір ұлғайту бойынша республиканың әлеуеті зор екенін атап өтті. «Бұл ретте өндіріс пен экспорттың өсімі Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі аясындағы мүмкіндіктерге негізделген», – деді Руслан Манатаев.