Отандық кәсіпкерлерді қолдауды көздейтін заң жобасы қабылданды

Еуразиялық нарықта қазақстандық тауар өндірушілердің құқығын қорғау қадамдары айқындалды. Сенат депутаттары осыған басымдық берілген заң жобасын мақұлдады. Құжатта бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында тауарлардың шыққан жері, атауы белгілері мен қызмет түрлеріне қатысты тараптарға ортақ шарт жасасудың үрдісін оңтайландыру көзделген.

Ең алдымен, қағазбастылықтан арылуға бағытталған жүйе бір қорғау құжатын бір уақытта бес мемлекеттің аумағында алу мүмкіндігін береді. Оларды тіркеу мен қорғаудың өңірлік жүйесі құрылады.

Сонымен қатар шартта өтінімдерді қарау кезінде ұлттық патенттік ведомстволардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі айқындалған. «Келісім ұлттық тауар белгілері иелерінің құқықтарын шектемейді, сондай-ақ еуразиялық нарыққа бағдарланған отандық тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға сеп болады», – дейді мамандар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов