Жақын күндері 50 мың адамның арнайы шотына зенетақы қорынан қаржы аударылады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алғашқы 50 мың салымшысының арнайы шотына таяу күндері тиісті қаржы аударылады. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова баспасөз мәслихатында мәлім етті. Жалпы, бүгінге дейін бір реттік төлем алуға қатысты 80 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың 44 проценті қолданыстағы ипотекалық несиесін жабуға ниет танытқан. Айта кетерлігі, өтінімді қабылдағаны туралы статусы бар азамат өзінің арнайы шотындағы соманы да көре алады, дейді қаржыгер. Ол үшін бар болғаны «Отбасы банкі» Тұрғын үй құрылыс  жинақ банкінің мобильді қосымшасына кіруі керек.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Төрағасы:

- Оның ішінде 50 519 өтініш иесі туралы айтар болсақ, қазір олар жеке кабинетіне кірсе, онда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өтінішін қарауға қабылдағаны туралы жаңалықты көре алады. Қарау мерзімі 3-тен 5 күнге дейін созылады. 50 мың салымшы іс жүзінде бірінші кезеңнен өтті. Олардың өтініші арнайы шотқа ақша аудару сатысында тұр. Оның 8 мыңы - кеше сағат 16:00-ге дейін өздерінің арнайы шоттарындағы ақшаны көрді. Бұл мобильді қосымшада көрініп тұр.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов