Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй құрылысы бойынша көш бастап тұр

Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй құрылысы бойынша көш бастап тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, республиканың бір азаматына 0,81 шаршы метр тұрғын үй салынды.

Мамандардың айтуынша, мұндай құрылыс қарқыны экономикалық дамыған елдердің деңгейіне жақын. Мысалы, өткен жылы Ресейде бұл көрсеткіш – 0,56, Беларусьте – 0,45, ал Өзбекстанда – жан басына шаққанда 0,36 шаршы метрді құрады. Бұл коэффициент 2019 жылдан бері өлшеніп келеді, ал Қазақстан екінші жыл қатарынан ТМД елдері арасында алғашқылардың тізімінде.

ДАНИЯР АЙДАРХАНОВ, ҚР ИИДМ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

 - Мемлекеттің қолдауының арқасында, біз осындай көшбасшы көрсеткішке жетіп отырмыз. Мысалы, 2020 жылы 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, Олардың ішінде 140 мыңға жуық пәтер немесе жеке тұрғын үй бар.

Құрылыс саласының оң көрсеткіштеріне қарамастан, Президент «5-10-20» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесіне көңілі толмайтынын және пәтерлердің бағасын ерекше бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бағдарламаны  іске асыруда төмен қарқын байқалуда, 9,5 мың пәтер пайдалануға берілді, бұл жоспардың бар болғаны 56 проценті ғана. Мен Үкіметке екі апта мерзімде тұрғын үй саясатын жетілдіру жөнінде жаңа ұсыныстар топтамасын енгізуді тапсырамын, қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану жөніндегі менің бастамам іс жүзінде іске асырыла бастады. Енді жылжымайтын мүлік нарығындағы күрт өзгерістер мен бағаны тежеу бойынша пәрменді шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттік органдар үшін халық және құрылыс жұмыстарын жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, нарықтағы алыпсатарлық операцияларды шектеу маңызды.

Әйгерім Әкімжанова, тілші:

 - Биыл Қазақстанда 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ол үшін аталмыш салаға 2 триллион теңгеден астам қаражат тарту жоспарланаған. Өткен жылы құрылыс саласындағы көрсеткіштер рекордтық деңгейге жеткенін атап өткен жөн. 15 миллион шаршы метрден астам үй салынды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 17 процентке көп. Ал алдағы уақытта көшбасшылар қатарында тұрақтап қаламыз ба, жоқ па-  ол уақыт еншісінде.