Қ.Тоқаев Каспий елдерінің азық-түлік хабын құруды ұсынды

Қ.Тоқаев Каспий елдерінің азық-түлік хабын құруды ұсынды

Алтыншы Каспий саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев теңіз жағалауында орналасқан елдерге өңірлік азық-түлік хабын құруды ұсынды. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттердің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Осы ретте, қазақстандық көтерме-тарату орталықтарының әлеуетін пайдалануға мүмкіндік мол, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

– Бұл орталықтар мен Каспий маңы азық-түлік хабы арасындағы жүйелі интеграция фермерлердің, сатып алушылардың, тасымалдаушылардың, сатушылар мен тұтынушылардың тиімді кооперациясына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, жеткізілетін барлық өнімнің сатылуына сенімді кепілдік береді.

Осы мақсатта транзиттік ағындарды дамытудың маңыздылығы зор, деді мемлекет басшысы. Ол Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолының зор әлеуетіне әріптестерінің назарын аударды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «бестік» елдері Каспий теңізінің экожүйесін сақтау бағытында бірігуі керектігін атап өтті. Жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурстарды тасымалдау аймақ экологиясына қатер төндіруде, деді ол.