Елордаға соңғы 5 айда 340 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды

Қазақстанның бас қаласы елдің негізгі капиталына инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы үштікке кірді. Мұндай көрсеткішке биылғы жылдың алғашқы бес айында қол жеткізілді. Аталған кезеңде елордаға 340 миллиард теңгеден астам қаражат тартылған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 процентке көп. Осы ретте өнеркәсіп, құрылыс, көлік және логистика салалары инвесторлар үшін аса тартымды болған. Мамандардың айтуынша, қала экономикасының 80 проценті шағын және орта бизнесті дамыту есебінен қалыптасады.

Ербол Қанафин, «Astana Invest» қалалық даму орталығы» ЖШС Басқарма Төрағасының орынбасары:

– Тікелей шетелдік инвестицияларға келетін болсақ, өткен жылы оның көлемі бір миллиард доллардан асты, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 68 процентке көп. Егер қаланың инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтатын болсақ, біздің компания бүгінде әлеуетті инвесторлар үшін тизер түрінде жүзден астам дайын инвестициялық ұсыныстар әзірлеп қойды. Осылайша, әлеуеті жоғары инвесторларға өңдеу өнеркәсібінде және әлеуметтік блоктың медицина, білім, спорт сынды салаларындағы маңызы жоғары жобаларды жүзеге асыруды ұсынады.