Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен кездесті

Кәсіпкерлікті заңсыз тексеру және тергеуге жол бермеу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесу барысында құқық органдарына осындай тапсырма берді.  Мемлекет басшысының айтуынша, бизнес адал жұмыс істеуге дайын әрі креативті, сондай-ақ, заманға сай сұранысқа ие болса, оны қолдау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады. Бұл шамамен тұтас 2021 жылғы көрсеткішке жуықтайды. Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын білдіреді. Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс.

Жаһандық тұрақсыздық және белгісіздік жағдайында  отандық бизнес қажетті  реформаға   зәру. Осыған орай Үкіметке бизнес қоғамдастықпен бірлесе отырып, Салық саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет пен Президент Әкімшілігінен экономикалық саясаттың макро, салықтық, бюджеттік, қаржы-кредиттік және басқа да негізгі компоненттерін қамтитын доктриналық құжат күтемін. Бұл жұмыс бизнестің конструктивті қатысуымен жүргізілуі керек. Өйткені осындай жолмен ғана қажетті әрі тиімді реформалар жасай аламыз.