Қазақстанда үй бағасы қымбаттады

Қазақстанда екінші жыл қатарынан тұрғын үй бағасы өсіп жатыр. Бір шаршы метрдің құны, мысалы, жаңа үйлерде қаңтар айынан бастап 15%-ке қымбаттады. Бұл еліміздің көптеген қалаларында байқалады. Қайта сатылымдағы үйлердің де бағасы артта қалған жоқ.

Бір шаршы метр бағасының  күрт көтерілуі сұраныстың азаюына, сәйкесінше сатып алу-сату операцияларының төмендеуіне әкелді. Мамандардың келтірген мәліметтеріне сәйкес, бүгінде 52 мың ғана мәміле жасалған. Бұл осы жылдың наурыз айымен салыстырғанда 22%-ке аз. Тұрғын үйге сұраныстың төмендеуінің тағы бір себебі – зейнетақы жинақтарын пайдаланудың жеткілікті шегінің жоғарылауы. Бірінші несие бюросының сарапшылары алдағы айларда сату көлемінің төмендеуі бұрынғыдан да көп болады деп отыр.

Даниэль Хасанов, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жылжымайтын мүлік маманы:

– Наурыз айында бағаның айтарлықтай өсуі басталды. Мысалға айтатын болсақ, «Лесозавод» шағын ауданынан 10 млн теңгеге бір бөлмелі пәтер алуға болатын еді. Қазіргі таңда 12 млн теңге. Яғни 2 млн теңгеге көтерілді. Бұл қарапайым аймақ, бірақ онда да баға көтерілді. Тағы мысал ретінде Республика даңғылын алайық. Бұл жерде бір бөлмелі пәтер 14 миллион болған. Қазір 16 млн. Класс неғұрлым жоғары болса, баға да  соғұрлым көтерілді.