Жанар-жағармайдың акциздік мөлшерлемелері қайта қаралады

Жанар-жағармай нарығында үстеме бағаларға шектеу қойылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті. Ол Президент тапсырмасын дереу орындау үшін министрлік қабылдаған шараларды атады.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету бойынша қазір тау-кен металлургия кешеніндегі жер қойнауын пайдаланушылардан түсімдерді арттыруға қатысты тетіктер әзірленуде. Сондай-ақ жанар-жағармайға акциз мөлшерлемелері қайта қаралады және шекті үстеме баға шектеледі. Бұл сатушылардың қосымша табыстарын бюджетке түсіруге мүмкіндік береді. Кедендік әкімшелендіруді жақсарту шеңберінде уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын талаптар күшейтіледі. Барлық уәкілетті экономикалық операторлардың есептік жүйелеріне қол жеткізу үшін олар «көлденең мониторинг» жүйесіне қосылатын болады.

Сондай-ақ министр барлық кеден саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша шаралар қабылданатынын және жақын арада мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік шекарадағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін кешенді тексеру жүргізілетінін айтты.