Нұр-Сұлтан қаласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйылды

Нұр-Сұлтан қаласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйылды

Биыл Нұр-Сұлтан қаласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйылды. Оның 80% астамы – жеке инвестициялар, ал қалғаны – мемлекеттік бюджеттік қаржы. Бұл туралы елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы хабарлады. Жыл қорытындысы бойынша, шаһардағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 14% өсті. Бөлшек тауар айналымында да оң өзгерістер байқалады, былтырғымен салыстырғанда өсім 7,7% асты. Карантиндік шектеулерге қарамастан, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің де саны артып 161 мыңға жетті. Өз кезегінде бұл отандық өнімнің артуына алып келеді.

Жанболат Кәкішев, «Astana Invest» басқарма төрағасы:

- Біз Қазақстанда негізгі капиталға құйылатын инвестициялар бойынша 2-орында тұрмыз. 1-орын мұнай-газ секторы белсенді дамып келе жатқан Атырау облысына тиесілі. Ал егер шикізаттық емес секторды алсақ, Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Салаға 11 айда 893 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі бойынша 1-орындамыз, яғни алғашқы жартыжылдықта жетекші қалалардың деңгейінде 74% көрсеткішке жеттік.