Елімізде құрылыс материалдары саласында 165 жаңа жоба іске асырылады

Елімізде құрылыс материалдары саласында 165 жаңа жоба іске асырылады

Құрылыс материалдарына қатысты импорттың тәуелділігінен арылу. Ішкі нарықты қолжетімді отандық үлгілермен қамту үшін елімізде 2025 жылға дейін жалпы құны 1 трлн 66 млрд теңге болатын 165 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде жаңадан 16 мыңнан артық жұмыс орны құрылады. Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осылай деп мәлімдеді. Жаңа өндіріс ошақтарын іске қосу темір бетон бұйымдары, құрғақ қоспа, кірпіш, шыны, кабель, ағаш-жоңқа және қасбеттік тақталар бойынша ішкі сұранысты толықтай жабуға мүмкіндік береді. Тағы бірқатар жаңа төл өнім түрін шығарудың есебінен импорт үлесін екі есеге қысқарту межеленген. «Ең бастысы алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаудың артында құрылыс жабдықтарының құнын арзандату міндеті тұр», - дейді ведомства басшысы.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Бұл жобаларды іске қосу ішкі нарықтағы импорт үлесін шамамен 60% төмендетеді және құрылыс материалдары бағасының ауытқуын болдырмайды. Жаңа жобаларды іске қосу 2025 жылға қарай өнімнің 10-нан астам түрі бойынша орташа жылдық қажеттілікті 700 млн АҚШ доллары көлемінде өтеуге мүмкіндік береді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов