АҚШ Қазақстан экономикасына 37 млрд доллар инвестиция салды

АҚШ Қазақстан экономикасына 37 млрд доллар инвестиция салды

Қазақстан егемендігін алғаннан бері Америка Құрама Штаттары отандық экономикаға 37 млрд доллар инвестиция құйды. Яғни тәуелсіздіктің 30 жылының қорытындысы бойынша бұл ел алдына тек Нидерландыны салып, біздің ең ірі инвесторлар көшінің басында келеді. Тараптардың жарасқан ынтымағын еселеу қамы қос меммлекеттің кеңейтілген стратегиялық әріптестік комиссиясының кезекті отырысында талқыланды. Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша, ел аумағында америкалық капиталдың қатысуымен 560-тан астам компания табысты жұмыс істеуде. Ол маңызды серіктес елмен өзара саяси және экономикалық байланыстардың жоғары қарқынын одан әрі қолдауға ниетті екенін мәлімдеді. Жалпы жиында өзара алыс-беріс әлеуетін арттыру жағы әңгіме өзегіне айналды.

Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Іс-шараның күн тәртібі жаһандық және өңірлік қауіпсіздік саласындағы өзара тиімді әрекет етудің жолдары, құқық қорғау бағытындағы ынтымақтастық, климаттың өзгеруі, білім алмасу және өзге де тәжірибе бөлісуге болатын кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Біз америкалық тараппен Орталық Азия бойынша С5 + 1 диалогы аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, өңір елдерінің ұстанымдарын үндестіріп, ынтымақтастықты нығайтудың маңызды құралы болып қала береді деген бірыңғай пікірді ұстанамыз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов