Қазақстан Президенті шетелдік инвесторлармен кездесті

Қазақстан Президенті шетелдік инвесторлармен кездесті

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 370 миллиардтан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бұл қаржы отандық экономиканы дамытудың негізгі факторларының біріне айналды. Мемлекет басшысы халықаралық компаниялардың өкілдерімен кездесуде осылай деді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлармен өзара ықпалдасу үшін негізгі алаң болып табылатын шетелдік инвесторлар кеңесіне өзі төрағалық ететінін айтты. Бүгінде нақты секторға тікелей инвестиция тартудан бөлек, құнды қағаздар нарығын дамыту мен шетелдік портфельді инвесторларды елге әкелуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Нәтижесінде Қазақстан аймақтағы ең үлкен капитал нарығына ие. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта республикада экономиканың түрлі саласындағы 700-ден астам мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. Алдағы уақытта аталмыш ірі компаниялардың акциялары ұлттық қор биржаларында тіркелетін болады. Бұл жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік бермек.