Отандық өндірушілердің мүддесі қорғалады

Отандық өндірушілердің мүддесі қорғалады

Қазақстанда отандық өндірушілердің мүддесін қорғауға бағытталған 5 жаңа механизм әзірленді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында мәлімдеді. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында «ел ішіндегі құндылық» ұғымы мен даму саясаты көзделген. Бұл ұғым халықаралық аренада танылған, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына сәйкес келеді. Бұдан былай ірі жер қойнауын пайдаланушылар ел ішіндегі құндылықты дамытудың жеке бағдарламасын және отандық өндіріс тауарларын сатып алуға көшу жоспарын қабылдайды.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Дайын өнімді өткізу және ішкі нарықты жаңа тауарлармен толықтыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың қатысуымен оффтейк-келісімшарттар мен офсеттік шарттар пайдаланылады. Бұл ретте оффтейк-келісімшарттар өндірісті оқшаулауға және жаңаларын ашуға, ал офсеттік шарттар технологиялар трансферті мен инвестициялар тартуға бағытталады. Ұзақ мерзімді шарттар жұмыс істеп тұрған өндірістердің өнімдерін өткізуді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ Бейбіт Атамқұловтың дерегінше, елімізде отандық тауар үлесін арттыру мақсатында алдағы жылдары бірнеше жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Айтар болсақ, 2022 жылы қуаты 197 мың тонна табақ шыны өндіретін зауыт салынбақ. Инвестициялық жоба құны 42,1 млрд теңгені құрайды. Ал 2023 жылға дейін шетелдік инвесторлардың қатысуымен керамикалық плиталар шығаратын 3 жаңа кәсіпорын пайдалануға беріледі. Бұл жобалар ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ететін болады. Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин жергілікті қамту деңгейінің өсімі тұрақты екенін атап өтті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Биыл 9 айда жергілікті қамтудың өсу серпіні өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4% құрады. Қарапайым заттар экономикасының 7 саласы бойынша жергілікті қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне, оның ішінде машина жасау, фармацевтика, жеңіл, жиһаз, химия және тамақ өнеркәсібінде қол жеткізілді.