Қазақстанда астық тапшылығы болмайды

Қазақстанда астық тапшылығы болмайды

Құрғақшылыққа байланысты астық өнімдерінің түсімі айтарлықтай азайып кеткеніне қарамастан ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге ел әлеуеті жеткілікті. Бұл туралы республикалық Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда астық өнімдерінің жалпы түсімі 10,5 млн тонна болады деп жоспарлануда. Оның 6 млн тоннасы отандық нарықтың қажеттілігіне жұмсалады.

Евгений Карабанов, Республикалық Астық одағының ресми өкілі:

- Бізде 2,8 млн тонна шамасындағы қалдықтар бар, бұған қоса Ресей Федерециясынан импортталады. Оның көлемі шамамен 2 млн тоннаға жуық. Осылайша Қазақстан 6,5 млн тонна астық эквивалентімен ұн экспортындағы орнын сақтап қала алады.

Бүгінгі таңда әлемдік нарықта астықтың бағасы қарқынды өсіп келеді. Қазақстанда да бағаны ұстап тұру оңай болмай тұр. Осы тұрғыда мамандар өнім құнының өсуіне әсер ететін факторлар туралы өз пікірлерін білдірді.

Евгений Карабанов, Республикалық Астық одағының ресми өкілі:

- Нанның қымбаттауы астық пен ұнның қымбаттауы есебінен ғана емес, сонымен қатар оның өндірісіне жұмсалатын өзге де компоненттердің қымбаттауы есебінен болады. Өйткені бір бөлке нан бағасы ұнның өзіндік құнының 30% ғана құрайды. Қалған 70% басқа шығындар және бұл басқа қажетті қоспалары, нан өндіруге арналған компоненттер екенін ескеру керек.

Авторы: Әсел Күшенғалиева