Индустрияландыру картасының аясында елімізде 128 жоба іске қосылады

Индустрияландыру картасының аясында елімізде 128 жоба іске қосылады

Биыл Қазақстанда индустрияландыру картасының аясында жалпы құны 1 трлн 200 млрд теңгені құрайтын 128 жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Бұл өндіріс көлемін 1 трлн теңгеге, экспортты 800 млн долларға ұлғайтуға, 12 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осы орайда тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын шығару, металлургия және машина жасау мен энергетика салалары жаңа мамандармен толығады. 2021 жылы жаңғыртылатын аса ірі деген жобалардың қатарында «Жайрем» тау-кен байыту комбинаты мен байыту фабрикасы және «Сарыарқа» ферроқорытпа зауытының құрылысы сынды тың бастамалар бар.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Жобаларды іске қосу жағынан Қарағанды, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында оң серпін байқалады. Ал 7 өңірде жобаларды уақытылы іске асыру бойынша жұмысты жандандыру керек. Бұл: Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Өңірлердің әкімдеріне әр жобаның іске асырылуын жеке бақылауда ұстауды тапсырамын, жыл соңына дейін олардың пайдалануға берілуін қамтамасыз етіңіздер!

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп экспортын 1,5 есе, еңбек өнімділігін 30% ұлғайту міндетін қойды. Бұл индустрияландыру картасының жобаларын кешенді, уақтылы әрі сапалы іске асуын қамтамасыз етуі тиіс.