Қазақстандық локомотивтер ТМД елдерінде сұранысқа ие

Қазақстанда жиналатын локомотивтер жақын арада Өзбекстан мен Монғолия елдеріне тасымалдануы мүмкін. Отандық зауыттың экспорттық әлеуеті және  жоспары туралы кәсіпорынның вице-президенті Амангелді Иманәлиев мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінге дейін Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан сынды көршілес мемлекеттерге 35 тепловоз жөнелтіліп үлгерген. Сұраныс бар. Сапасы жоғары заманауи өнімнің посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ. Бірегей өндіріс ошағы еуропалық құрылғылармен жабдықталған. Шикізат көзі де уақыт талғамына сай сұрыпталады.

Амангелді Иманәлиев, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ вице-президенті:

- Қазір әлеуетті келісімдерге қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жақын арада жүзеге асыру көзделген әлеуетті жобалар бар. Сондықтан біз өндіріс қуатын арттырдық. Алдағы жылдары өніміміз экспортталатын бірнеше елмен келісім жасастық. Бүгінде жарияланған бірқатар тендерлерге қатысып жатырмыз. Нәтижесінде экспорттық әлеуетіміздің аясы кеңейе түсетініне сенімдіміз.

Бір локомотивті толықтай жинап шығу үшін 40 күн уақыт жұмсалады. Қазір зауыт жылына 100 тепловоз шығаруға қауқарлы. Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, қуаты әлі де арттырылатын болады. Олар ең алдымен ішкі нарықты қамтуды мақсат етеді. Осылайша жақын арада қазақстандық локомотив паркін толық жаңарту көзделіп отыр. 

Амангелді Иманәлиев, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ вице-президенті:

- Біз қазіргі таңда жолаушылар тасымалына қатысты темір жол нысандарын жаңарту ісіне белсене кірістік. Сондықтан екінші тоқсанда тек қана жолаушылар тасымалына арналған локомотивтер шығардық. Үшінші тоқсанда солай болды. Басында жүк тасымалына қатысты сұраныс болған. Қазір екеуі де 50 де 50%.  

Қазір өндіріске 600-ден астам маман тартылған. Зауытта негізгі өніммен қатар темір жол нысандарына қажетті қосалқы бөлшектер шығарылады.