Ботаникалық бақта қандай тропикалық қонақтарды кездестіруге болады?

05.01.2022, 14:13

Алматыда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған өсімдіктерді қайдан көруге болады? Олардың Қызыл кітапқа енгізілген түрлері қалай өсіріледі? «Жәндіктерге арналған қонақүй» дегеніміз не? Ботаникалық бақта қандай тропикалық қонақтарды кездестіруге болады? Бұл туралы «Қазақстанға қош келдіңіз!» жобасының жаңа шығарылымында айтылады.

1932 жылы қаладан бірнеше шақырым жерде болашақ Ботаникалық баққа орын бөлінді. Уақыт өте келе бұл аумақ қала тұрғындары арасында танымал демалыс орнына айналады деп ешкім ойламаған. Себебі дендрарий тек ғылыми мақсатта құрылған еді. Ол әлемнің түкпір-түкпірінде кездесетін сирек өсімдіктерді өсіру және зерттеулер жүргізуге арналған тәжірибе станциясы ретінде пайдаланылды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдар Ботаникалық бақ үшін ерекше қиынға соқты. Қаржыландыру едәуір азайып, айналаны арамшөп қаулап, ғимараттар тоза бастады. Көшеттерді сату арқылы күн көруге тура келді. Әйтеуір 2006 жылы баққа ерекше мәртебе берілді. Бірақ толықтай қайта құру тағы бірнеше жылға созылды. Тек 2020 жылы меценаттардың арқасында жаңғыртылып, адам танымастай етіп өзгертілген Ботаникалық бақ келушілерге өз есігін айқара ашты.