Қазақстандық дизайнерлер шетел нарықтарын дамытуда

22.07.2022, 14:41

Табиғи тастар мен моншақпен көмкеріліп, қазақи оюлармен кестеленген жеңіл камзолдар мен әсем сәукелелер. Этникалық стильдегі қалыңдықтың салтанатты көйлектерін пішіп жүрген Анастасия Романованың әр уақыты санаулы, әр күні бағалы. Қыркүйек айында отандық дизайнер Италияның Милан қаласындағы шоуға, ал одан бұрын Түркияда 20 киім үлгісінен құрылған жеке топтамасын ұсынады. Осыдан 6 жыл бұрын алғашқы ұлттық нақыштағы көйлегін дүниеге әкелген. 

Анастасия Романова, қалыңдық көйлектерінің дизайнері:

– Мен киім үлгілерінің өз бойына ұлттық нақыш пен заманауи сән үлгісін үйлестірген ерекше мәнерде болғанын қаладым. Сондықтан жұмыстарымыз Қазақстан нарқында ұсынған өзге үлгілерден ерекшеленіп тұрады.

Шебер велюр және барқыт сияқты тығыз маталармен жұмыс істеуден бас тартқан. Киім үлгісі тапсырыс берушінің талғамына сай жасалады. Яғни, өзгеде кезікпейтін, қайталанбас дара үлгіде болады. Олардың бірінде нәзік қыздарға арналған «қалыңдықтың тасы» деп аталып кеткен раушан кварцын кезіктірсеңіз, енді бірі өзіне сенімді сәнқойлардың талғамынан шығатын әсем нефритпен безендірілген. Бұндай киім үлгілеріне тапсырыс ел ішімен қатар шет мемлекеттерден жиі түсіп жатады.

Анастасия Романова, қалыңдық көйлектерінің дизайнері:

– Былтырдан бері ұлттық нақыштағы көйлектерге шетелдіктер тарапынан тапсырыстар жиілеп кетті. Германия, АҚШ сынды елдерде тұратын этникалық қазақтар үйлену тойларын ұлттық дәстүрге сай жасауға тырысады. Өздерінде табылмайтын көйлектерді бізден алады.

Көздің жауын алатын қазыналы қазақ мәдениеті өзінің бірегейлігімен әлемді өзіне баурап алды. АҚШ, Ресей, Франция тіпті Оңтүстік Африка сынды алыс сырт мемлекеттер қазақстандық зергер Георгий Мариниченконың ерекше жұмыстарымен жақсы таныс. Жаңа этникалық бағытта жасалатын әшекей бұйымдары кеңге танымал. Шебер тек Қазақстан аумағынан табылған бағалы тастарды заманауи құралдардың көмегінсіз дәстүрлі түрде қолмен өңдейді.  

Георгий Мариниченко, зергер:

– Мен біздің жаңа этникалық бұйымдарды жасауға ден қоямын. Бай мәдениетімізді шетелге таныту үшін оларды Германия, Америка сынды елдердегі көрмелерге шығарғым келеді. Отандастарымды жақсы түсіну үшін  қазір қазақ тілін меңгеруді қолға алодым.

Бұл адамдар әлемді тек қазақстандық әртистер мен спортшыларымыз ғана бағындырып жүрмегенінің айқын дәлелі. Дарынын жер-жаһанға таныту үшін олар бар болғаны сүйікті істерімен айналысады. Ең бастысы, өздерін нағыз елжанды азамат ретінде танытты.