Қазақстанда ардагерлер туралы ортақ мәліметтер базасы құрылды

06.05.2022, 16:17

Қазақстанда ардагерлер туралы ортақ мәліметтер базасы құрылды. Аталмыш базадан еліміздің кез келген азаматы Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстары туралы ақпаратпен танысып қана қоймай, өз еріктерімен қосымша ақпарат жүктей алады.

Ақтөбе тұрғындары да «Батырларға тағзым» сайтында ардагерлерге өз құрметін көрсетуге ниетті. Облыстан майданға 122 мың адам аттанған. Ал өңірдің 35 тұрғынына ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Олардың арасында Малкеждар Бөкенбаев та бар. Бүгінде оның отбасы әке ерлігін мақтанышпен еске алады. Кеңес Одағының Батыры Бірінші Беларусь майданында атқыштар взводын басқарған. Польшаның Хельм қаласы маңындағы шайқаста айрықша көзге түскен. Қоян-қолтық ұрыста неміс офицерін өлтіріп, бес солдатты тұтқынға алған батыр. Жарақаттанғанына қарамастан соғыс даласынан кетпеген.  

Дина Бөкенбаева, Кеңес одағы батырының немересі:

– Бұл тек біздің отбасымыздың ғана емес, адамзат тарихының бір бөлігі деп есептеймін. Сондықтан өткенді ұмытпаған дұрыс. Барлығы онлайн форматқа көшіп жатқан заманда мұндай сайттардың болғаны орынды және оларға сұраныс та жоғары.  Кез келген адам өзінің жақындары мен жерлестері туралы ақпарат ала алады.

Соғыстан кейін Малкеждар Бөкенбаев құқық қорғау органдарында көп жыл бойы қызмет еткен. Бүгінде батырдың есімі Ақтөбедегі Ішкі істер Министрілігі институтына берілген.   Аталған  оқу орнында Кеңес Одағының Батыры атындағы музей бар. Онда сирек кездесетін фотосуреттер мен құжаттар сақталған.  Университет қызметкерлерінің айтуынша, қойылған материалдар бүкіл Қазақстан мен Ресей музейлерінен жиналған. Жинақталған ақпараттың барлығы оқытушылардың бастамасымен жарыққа шыққан кітапқа енген.

Зина Нұрыш, М. Бөкенбаев атындағы ҚР ІІМ Ақтөбе Заң институтының кафедра доценті:

– Жыл сайын келетін курсанттарға, білім алушыларға айтып отырамыз. Ол туралы арнайы түсірілген кинофильм бізде бар. Жылда көрсетіліп отырылады. Сондай-ақ, Малкеждар Бөкенбаевқа арналған  арнайы кітап шығарылды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 381 ардагері және жеңіске үлес қосқан 98 мыңға жуық тыл еңбеккерлері барын айта кеткен жөн.