Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық

05.05.2022, 16:24

Қазақстанда орманшыларды даярлаудың өңірлік орталығы мен Азия орман ынтымақтастығы ұйымының өкілдігін ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Сеулде өткен Дүниежүзілік конгресте белгілі болды. Форумға Қазақстанмен бірге 144 мемлекеттің өкілдері қатысты. Іс-шарада біздің делегация кореялық әріптестерінің орман өсірудегі тәжірибесімен танысып, Біріккен Ұлттар Ұйымының жасыл климат қорынан қаржыландыруға ие болу мүмкіндіктерін зерттеді. Еске салсақ, 2018 жылы Корея орман қызметінің мамандары Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егу жұмыстарына көмектескен.

Сон Ё Хван Корё, университетінің профессоры:

– Қытайдағы шөллейтенуге қарсы жобаға, Қазақстандағы жобаларға қатыстым. Аралдың табаны теңіз деңгейінен биікте орналасқан, сондықтан шөл даламен салыстырғанда нәтижеге жету өте қиын. Осыған қарамастан, Қазақстанның бұл бағытта қажет тәжірибесі бар. Мамандарыңыз жергілікті климатқа сай көшет отырғызудың қолайлы әдісін таба алды.

Әлия Шалабекова, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар Вице-министрі:

– Президенттің тапсырмасымен 2025 жылға дейін 1 миллион 100 мың гектарға сексеуіл егілу керек. Бұл бағытта біраз жұмыс атқардық. Өткен жылы 100 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылды. Биыл көктемде де жұмыстар жүргізілді. Енді біз жыл сайын 250 мың гектар жерге ағаш отырғызамыз.