Ұлыбританияда оқитын қазақстандық студенттер үшін жұмыс жәрмеңкесі өтті

05.05.2022, 11:17

Білімді жастарды ел игілігі үшін еңбек етуге үгіттеу. Британияда оқып жатқан қазақстандық студенттер үшін ұйымдастырылған жұмыс жәрмеңкесінің мақсаты осындай. Мұндай шара бесінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Жәрмеңке барысында жастар елімізде орналасқан отандық және шетелдік жетекші компаниялардың өкілдеріне тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Онымен қоса, шеберлік-сабақтар, бизнес-ойындар және бос орындарға үміткерлерді анықтау үшін диалогтар да өткізілді.

Ернар Райымхан, студент:

– Біздің жастарымыз, менің ойымша, қайда болмасын өзін көрсете алады. Бірақ ең бірінші біз өзіміздің елімізге, жерімізге, ұлтымызға керекпіз. Бүгінгі кездесуге Қазақстанның топ компаниялары келіп, өздерін таныстырды. Өзімізге керек біраз ақпаратты алдық.

Ричард Леджер, жұмыс беруші компания өкілі:

– Студенттерге бағыт-бағдар берген дұрыс. Өзімнің университет бітіргеніме 35 жыл өткен екен. Мен де кезінде осындай қолдауға мұқтаж болдым. Қазақстанда жұмыс істеуге қолайлы қандай мүмкіндіктер бар екендігін бакалавриатта және магистратурада оқып жатқандарға айтуымыз маңызды. Біз бұл жағынан дұрыс ақпарат бере алдық деп үміттенемін.

Айта кетейік, жәрмеңкені Қазақстан елшілігі қолдауымен жастардың өзі -  UCL университеті жанындағы қазақстандық студенттердің қауымдастығы мен Ұлыбританиядағы докторанттар қауымдастығы ұйымдастырды.