Германияда қазақ киносының апталығы өтуде

28.04.2022, 15:10

Берлинде Қазақстан киносының апталығы өтіп жатыр. Мәдени іс-шара Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған.

Көрермендерге алғашқылардың қатарында режиссёр Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи картинасы көрсетілді. Массагеттердің патшайымы мен парсылардың Кир патшасы туралы фильмді тамашалау кезінде зал лық толды. Актерлардың ойыны мен костюмдері ерекше әсер қалдырған.

Апталық аясында режиссёр Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ», Рашид Сүлейменовтің «Оралу» фильмдері және режиссёрлер Тілек Төлеуғазы мен Тұрдыбек Майданның «Мұзбалақ» мультфильмі және басқа да туындылар көрсетіледі. 

Тереза Кламанн, фильмдер продюсері:

– Мен жаңа ғана фильмді көріп шықтым, картинадан керемет әсер алдым. Әсіресе майдан даласындағы көріністер көңілімнен шықты, оларды түсіру, каскадерлардың жұмысын жалпы бүкіл үдерісті ұйымдастыру өте қиын. Бұл  керемет іс және тарихқа терең бойлауға тамаша мүмкіндік. Ерік-жігері мықты әйелдің бейнесі сәтті берілген. Сосын әрине костюмдер өте қатты ұнады.

Дәурен Карипов, ГФР-дағы ҚР елшісі:

– Біз еліміздің осы салт-дәстүрін, мәдениетін кино арқылы жергілікті жұртшылыққа жеткізейік деген мақсатымыз. Бұл елшіліктің жеке жоспарлаған іс-шараларының бірі болып табылады. Қарым-қатынастың 30 жылдығы болғандықтан, әрине, біз осы мерейлі жыл аясында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруға жоспарлап отырмыз.