14 жасар нумизмат 400-ге жуық монета жинаған

28.04.2022, 12:37

1738 жылы шыққан Польша монетасы,   7—8-ші ғасырға тиесілі Бұхар хандығының тиыны. Алматылық Леонид Ярухиннің жинағында ескі тиын-тебендердің өзге де құнды үлгілері бар. Сондай-ақ Кеңестік кезеңдегі, Қазақстанның Ұлттық банкі айналымға шығарған коллекциялық және инвестициялық монеталар бар. Қазір оның қолында 400-ге жуық тиын бар.  

Леонид Ярухин, нумизмат:

– Алғаш жинай бастаған кезімде монеталарды YouTube-қа сала бастадым. Кейін Ресей астанасы Мәскеудегі  бір нумизматпен таныстым, ол да металл іздегішпен жүреді екен. Мекен-жайымды сұрап, сыйға 15 монета жіберді. Сол кезде нумизматикаға деген қызығушылығым арта түсті. Осы сәттен бастап мен тиындармен шындап айналыса бастадым.

Михаил Ярухин, әкесі:

– Оның коллекция жинауға деген құлшынысын байқаған соң, барынша қолдау көрсетуге тырысып келем. Біз «Ел Дала» қоғамына да қосылдық. Ұлыммен Балқашқа барып тұрамын.

Леонид ескі тиынды тауып қана қоймай, оның неден жасалғанын, қай заманда, кімдер ұстағанына дейін зерттеп біледі. Сол дәуірдің тарихын мұқият оқиды. Тапқан олжалары өзі оқитын мектептің мұражайына қойылған. Жәдігерлер қатарында құмыралардың сынықтары мен садақ жебесінің ұштары, тағы басқа бұйымдар бар. Енді жас зерттеуші көне қазына табуды армандайды.