Мәжілісте мүгедектігі бар адамдардың өмірін оңалтуды көздейтін құжат қаралды

27.04.2022, 15:18

Елімізде автобус және таксопарктер мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға арналған көліктермен қамтылуы міндеттеледі. Енді таксопарктерде әрбір он таксидің біреуі арнайы бейімделуін қамтамасыз етуі тиіс. Осы және өзге де нормалар мүгедектігі бар адамдардың өмірін оңалтуды көздейтін жаңа құжатта қарастырылған.  Онда бірден 75 заңнамалық актіге өзгерістер енгізу жоспарланған.  Олардың қатарында: үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды нотариалдық қызметтерге ақы төлеуден босату және шипажайда емделу кезінде ертіп жүретін ата-анасы не заңды өкілінің шығынын өтеу қарастырылған. Яғни, жолдама құнының 70% мемлекет есебінен жабылады.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

– Бүкіл Қазақстан бойынша үш қана аймақта Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарында ғана жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып олардың ата-анасына мүмкіндік беретін.  Сол үшін қазір осындай заңнамаға өзгертулер енгізіп 5,9 миллиард теңге қаражат бөлініп жатыр. Оның 5 миллиардқа жуығы осы азаматтардың ертіп барушы ата-аналары немесе заңды өкілінің бірінші қажеттілігі жатын орны, тамағы сияқты дүниелерінің ақшасы енді республикалық бюджеттен төленетін болады.

Құжат қабылданса, үш жылдың ішінде  62 мыңнан астам мүгедектігі бар бала мен олардың ата-анасы шипажай-курорттық ем-домға мемлекет есебінен бірге баруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, Мәжілістің жалпы отырысында Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда айқын белгісі бар аурулар бойынша жыл сайынғы куәландырудың күші жойылатынын айтты.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

–  Біз ауруы медициналық диагнозы бойынша анықталған адамдарды сырттай куәландыру туралы түзету енгіздік.  Әзірге оған жататын  нозологиялық дерттің 12 түрі бар.  Бұл қанатқақты бастама Президенттің тапсырмасы бойынша соңғы жарты жыл бойы пилоттық режимде жүзеге асырылып келеді.  Енді біз оны заңнамалық деңгейде бекітіп қойдық. Бұдан былай  осы аурулар тізімін көбейтуге болады, олар нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.

Төменгі палата депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

 

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов