Еуропалық балет жұлдыздары Елорда сахнасында өнер көрсетеді

20.04.2022, 15:08

Айрықша хореография, бірегей би мәнері, мазмұнды пластика және қазақстандық көрермен үшін тың қойылымдар. Сәуірдің 28-інде Елордада Еуропалық балет жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.

Нұр-Сұлтан сахнасында Англия ұлттық балетінің премьері Исаак Эрнандес, Ковент Гарден Корольдік театрының прима-балеринасы Майара Магри, Вена Ұлттық Операсының бас солисі Денис Черевичко, Монте Карло Операсының танымал артистері Симоне Трибуна мен Виктория Ананян өнер көрсетеді.

Виктория Ананян, Монте-Карло балетінің жетекші солисі:

– Осы жолы Қазақстандық көрермен назарына екі балеттен үзінді ұсынамыз. Бұл  хореограф Жан Кристо Фомайоның қойылымында «Ромео мен Джульетта» балетінен па-де-де және «Ұйқыдағы ару» балетінен Ла-бель па-де-десі. Бұған дейін Қазақстанда Алматы қаласында өнер көрсеткен едік. Өте ұнады. Бұл жолы Ел Астанасын таңдадық.

Гала-кеш «Қазақстан» орталық концерт залының сахнасында өтеді. Кассикалық және заманауи балет шедеврлерінен құралған мазмұнды бағдарлама қос бөлімнен тұрады. Айта кетерлігі, Қазақстан сахнасында алғаш рет орындалатын қойылымдар бар.