Қаңтардағы тәртіпсіздіктерді әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырған күдікті ұсталды

19.04.2022, 17:02

Қаңтардағы тәртіпсіздіктерді әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырған күдікті ұсталды. Бұл туралы арнайы брифинг барысында ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.

Айтуынша, 2022 жылғы 4 қаңтарда Алматы қаласында жүрген Жамбыл өңірінің тұрғыны телеграмм арна ашып, оған санаулы сағаттарда бірнеше мың адам жазылған. Осы желі арқылы оның қатысушылары баррикадаларды құру, «Молотов» коктейльдерін дайындау және құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық білдіру үшін толық нұсқаулық алып отырған. Кейін биылғы 5-6 қаңтарда аталған желі арқылы қиратушылардың қозғалысы және олардың Жамбыл облысының мемлекеттік объектілеріне жасаған шабуылдарын түзету туралы ақпарат жүрді.

Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары:

– Осы өңірде «Газель» автокөлігінің жүргізушісі «С» және оның жақтасы «К» есімді азаматтар анықталды. Олар аталған көлікпен жүріп, алдын ала дайындалған арматураны, ұрланған полицияның қалқандары мен бронжилеттерін таратқан. Сондай-ақ, құқық қорғау қызметкерлерінің жүруін қиындату үшін, олар автокөлікті жолдарды жабуда қолданған. Қылмыстық істерді талдау нәтижелері осы қылмыстарды жасаудың ұқсас тәсілдері қайғылы оқиғалар болған басқа өңірлерде де байқалатынын көрсетті. Бұл мән-жайлар олардың үйлестірілуін және бірыңғай жоспардың болғанын көрсетті.

Сондай-ақ, бас прокуратура өкілі қаңтар оқиғасына қатысты жалған ақпарат тарату бойынша 11 қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Жалпы осы қайғылы  оқиғаларға қатысты 627 күдікті қамауда отыр. 402 айыпталушының ісі сотқа жолданды. Бұлтартпау шараларды жеңілдету бойынша 4 849 іс бар. Бүгінде 323 күдікті күзетпен ұстаудан босатылды.

 

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов