Елордада Елбасы кітапханасы қорының 100-ден астам таңдамалы жәдігері ұсынылды

19.04.2022, 11:35

Елордада Елбасы кітапханасы қорының 100-ден астам таңдамалы жәдігері ұсынылды. «Тұңғыш» жылжымалы экскурсиялық жобасының бір бөлігіне айналған көрме Astana IT университетінде ашылды. Бірегей экспозицияда мұражай заттарының кешені топтастырылған.  

Онда сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнерінің үлгілері, ұлттық әскери жабдықтар, сондай-ақ мемлекет басшыларының киізден басылған кілем  мен шапан сынды тартуларын тамашалау мүмкіндігі жасалған.

Күләйша Ақтаева, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары:

– Осындай жылжымалы блицтурлар арқылы біз қордағы бірегей туындыларымызды көпшілік назарына ұсына аламыз. Бұл көбіне халық Youtube, интернет сайттары немесе әлеуметтік желілерде іздеп жүріп көргісі келетін, адам қолы жете бермейтін құнды туындылар. Біз оларды өзіміздің көрмеде таныстырамыз. Әрі қарай Щучинск қаласында орналасқан кадет мектебіне баруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны балабақшалардағы балаларға да көрсетпекпіз.

Жоба аясында студенттер үшін сақ мәдениеті, сағат өнерінің даму шежіресі және фототехниканың даму тарихына арналған танымдық дәрістер мен тақырыптық экскурсиялар топтамасы ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Арман Кенжебеков, Astana IT University әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің директоры:

– Менің білуімше, Тұңғыш Президент кітапханасының тәжірибесінде алғаш рет жылжымалы экскурсиялар өтуде. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде түрлі тақырыптарды қамтиды.  Менің ойымша, бұл танымдық көрме ел жастарына, біздің студенттерге өткенді біліп, дәстүрді құрметтеуге баулиды. Ұлттық бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер экспонаттарымен танысу арқылы төл тарихымызға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жоба 24 сәуірде елімізде президенттік институт құрылған күнге орайластырылған.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов