Павлодарда жас өнерпаздар үлкен сахнада өнер көрсетпек

18.04.2022, 17:09

Павлодар өңірінің дарынды жастары енді үлкен сахнаға шығып кәсіби әртістермен бірге өнер көрсете алады. Шығармашылық ұжымдар мен жастардың бірлескен жұмысы «Самға» жобасы аясында жүзеге асырылады. Әнел Сәдуақасова кәсіби музыкант болуды армандайды. Күміс көмей әнші болуға талпынған бұрымды бұл кәсіби өсудің бірегей мүмкіндігі деп есептейді.

Әнел Сәдуақасова, музыкалық мектеп оқушысы:

 – Филармониядағы үшінші репетициям. Өте ұнады. Білімдер алдым. Жетістіктерге жету үшін мына жерге тағы да келіп отырамын. Сахнаға шыққым келеді.

Анастасия Борисенко, музыкалық мектеп оқушысы:

– Кәсіби музыканттардан тәрбие алу біз үшін зор мүмкіндік. Филармония әртістерінің тірлігіне етене араласып жүрміз. Алда үлкен концерттер күтіп тұр. Сол мәдени шараларды өткізуге атсалысқанның өзі тәжірибе.

Қазіргі таңда филармонияда алдағы концертке қызу дайындық жүріп жатыр. Жалпы, биылғы өнер маусымында 10-нан астап бірлескен концерт ұйымдастырылады.

Амангелді Қожанов, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның директоры:

– Оларды үлкен сахнаға тәрбиелеу, тәжірибе беру деген мақсатта осындай үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Бұның жемісі жастарды мәдениетке тәрбиелеу, екінші мақсат - кәсіби музыкант боламын дегендерді үлкен сахнаға шығып, көрінуіне ықпал жасау.