Алматыда Роза Бағлановаға ескерткіш қойылды

18.04.2022, 11:50

Алматыда халық әртісі Роза Бағланованың ескерткіші бой көтерді. Күміс көмей әншінің қола мүсіні өзі талай жыл еңбек еткен Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының алдына орнатылды. Қазақ  ән өнерінің бұлбұлы  шығармашылық жолын Ұлы Отан соғысы жылдары бастады.

Өнерпаздар бригадасының құрамында болған Роза Бағланова майданда концерт беріп, сарбаздардың рухын көтерді. Әйгілі «Ах, Самара городок» әні оны  ерекше танымал етті. Сондай-ақ, ол «Халық қаһарманы» атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші. 

 Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек ері:

– Халқымыздың әдемі қызы Розаға ескерткіш ашып жатырмыз. Бұл бір жаңалықтың басы. Розаның халыққа еткен еңбегі соғыс жылдарда да орасан.

Тажен Бағланов, Роза Бағланованың ұлы:

– Бұл шынымен де менің анамды білетін адам үшін сыйлық болды. Ол шын мәнінде өз елінің, ешбір ұлтқа қарамастан, халық әншісі, шын мәнінде бірегей тұлға болды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл шынымен тұрарлық ізгі іс.

Биыл Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Қазақстанда 25, халықаралық деңгейде 5 іс-шара ұйымдастырылады.