«Болашақ» бағдарламасының мамандықтар тізімі 23 жетекші техникалық шетелдік ЖОО-мен толықты

15.04.2022, 18:08

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік жоғарғы оқу орындарының қатары толыға түсті. Кеңейтілген тізімге жаңадан 23 жетекші техникалық университет қосылды. Бұдан былай жырақта білімін түгестеймін деген отандастарымыз жаһандық деңгейде сұранысқа ие 236 оқу орнының бірін таңдай алады.

Өз бағдарламасын қайта бағдарлап жатқан «Болашақ» жобасы басымдықты техникалық мамандықтарға берген. Биыл гранттардың 60%-ті дәл осы бағытқа бөлінеді. Сондықтан іріктеу барысында Эйндховен, Гамбург, Лестер, Пхохан сынды техникалық кәсіп игеруге бағдарланған  университеттерге таңдау түскен. Оның өзінде тізімге тек білім беру сапасына қатысты әлемдік немесе ұлттық рейтингтерге кіретін жоғарғы оқу орындары енетінін айта кету керек.

Ғалия Досмұхамбетова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары:

– Бұл жерде бізде екі критерий бар. Бірінші критерий – жоғарғы топ әлемдік рейтингтің 250 ең үздік университеттерінің қатарында болу. Ол  ARWU, Times Higher Education және QS рейтингтері. Оның ішінде жалпы екі рейтингтеде ең үздік 250 университетінің тізіміне кірсе, онда университет бізге кіретін болады. Екінші критерий – БРИКС және ОЭСР мемлекеттерінің жалпы ТОП-20 университеттің тізімінде болуы керек.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов