Қазақстандағы оқиғалар қалай өрбіді?

14.01.2022, 15:00

2022 жылдың алғашқы аптасы. Қаңтардың қатал күндерін Қазақстан халқы ешқашан ұмытпайды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихында болған ең ауыр оқиға мен оның салдарын сарапшылар мен тарихшылар әлі талай мәрте талдап, тарихи бағасын берер. Біз өз кезегімізде оқиғаның өрбу хронологиясын ұсынбақпыз.

2 қаңтарда батыс өңірінде газ бағасының қымбаттауына қарсы халық бейбіт шеруге шықты. Билік бірден назар аударып, қарапайым тұрғындардың тілегі ескерілді. 5 қаңтар елде наразылық өршіген тұста Үкімет отставкаға кетті. Жалпы агрессивті оқиғалар бір уақытта 11 аймақты қамтыды, негізгі соққы Алматыға тиді. Қылмыстық топтар қала әкімдігі мен басқа да әкімшілік ғимараттарды өртеп, инфрақұрылымдық нысандарды қиратып, дүкендерді тонай бастады. Әуежай басып алынды, жолдар мен теміржолдар жабылды, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің жұмысы бұғатталды. Сол кезден бастап барлық лаңкестік әрекеттердің бір орталықтан үйлестіріліп жатқаны анық болды. Ал елде орын алған оқиғалардың басты мақсаты – билікті басып алу еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Бұл теракт екеніне күмәнім жоқ. Негізінен Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Ауғанстаннан келген шетелдік жауынгерлердің қатысуымен Қазақстанға қарсы жақсы ұйымдастырылған және дайындалған басқыншылық актісі. Таяу Шығыстан келген жауынгерлер де болды. Олар халық арқылы елде бүлік шығарып, кейін билікті басып алғысы келді. Сондықтан Қазақстанда антитеррорлық операция басталды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, оңтүстік мегаполисте лаңкестер бейбіт тұрғындарға қарсы қару-жарақ қолданған. Әуесқой түсірілімде алаңға жеңіл көліктің келіп тоқтағаны анық көрінеді. Оның жүк салғышынан қаруларды жалма-жан алып жатқан адамдарды көреміз.

5 қаңтар күні кешке Мемлекет басшысы ҰҚШҰ басшыларына үндеу жолдады. Өйткені республикадағы жағдай қатаң шешімдер қабылдауды талап етті. «Басты мақсат – лаңкестердің жолын кесу», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент экстремистер арасында арнайы лагерлерде дайындалған кәсіби содырлар көп, оның ішінде шетелдіктер де бар екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа сүйене отырып, ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларын Қазақстанға көмек көрсетуге шақырдым. Шындығында бұл – қауіп емес, мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіру, ең бастысы Мемлекет басшысы ретінде менен көмек сұраған азаматтарымызға жасалған шабуыл.

ҰҚШҰ кеңесі Қазақстанның өтінішін назардан тыс қалдырған жоқ. Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения және Тәжікстан республикаға бітімгершілік күштерін жіберді. Елімізге барлығы 2 000-нан астам әскери және 250-ден астам техника келді. Шетелдік контингент Алматы, Нұр-Сұлтан және республиканың басқа облыстарындағы стратегиялық нысандарды күзетумен айналысты.

Мария Захарова, РФ ІІМ ресми өкілі:

- Шетелдегі лаңкестік лагерлерде дайындықтан өткен және әскери операцияларда тәжірибесі бар қарулы бандалардың тікелей қатысуымен елге қарсы үйлестірілген және сырттан қолдау көрсетілетін гибридті шабуыл Қазақстанда қайғылы зардаптарға әкелді. Қазақстан Конституцияға нұқсан келтіру арқылы билік институттарын жоюға, билікті басып алуға қауіп төндіретін халықаралық терроризмнің агрессиясына тап болды.

6 қаңтарда арнайы тергеу тобы Алматыдағы тәртіпсіздіктердің себептері мен кінәлілерді анықтауға кірісті. Күш құрылымдарына жауынгерлік әзірлікті арттырып, қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсету тапсырылды. ҚР ІІМ-нің мәліметінше, Қазақстандағы тәртіпсіздіктер кезінде полиция, ҰҚК, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері, сондай-ақ бірнеше курсант қаза тапты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасап, күштік құрылымдарға «террористерге» қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. «Қазақстандықтардың өмірі мен қауіпсіздігіне келгенде, бұдан басқа жол жоқ», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылып жатыр. Не деген ақымақтық? Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін?

10 қаңтар – Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Көптеген шет мемлекеттің басшылары, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссия өкілдері Қазақстандағы террористік актілер салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына қолдау білдіріп, көңіл айтты.

Кейти Лич, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:

- Соңғы аптада Алматының тұрғындары тап болған зорлық-зомбылық пен қирандылардан шошыдым. Басқа қалалар да түрлі шабуылға тап болды. Үкіметтің атынан қаза болғандардың отбасы мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Біз Қазақстанды осы жойқын оқиғалардан кейін қалпына келтіруде қолын ұшын созамыз.

Ибрагим Калын, Түркия президентінің баспасөз хатшысы:

- Біз Қазақстанда орын алған оқиға мен қайтыс болғандарға көңіл айтамыз. Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылық – біздің басты басым бағытымыз. Түркия әрқашан Қазақстанның жақтасы болып қала береді.

11 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісте Үкіметке жаңа міндеттер жүктеді. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталып, жұмысына кірісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Құрметті қазақстандықтар! Қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамын. Арандатушылықтарға, теріс пиғылдағы үндеулерге қарамастан заңға, елімізге адал болып қалдыңыздар.

Қазір еліміз біртіндеп қалыпты өмірге келе бастады. Дегенмен лаңкестікке қарсы операцияларды жергілікті жерлерде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүргізуде.

Айта кетейік, ҰҚШҰ бітімгершілік контингенті өз миссиясын сәтті аяқтап, 13 қаңтарда елден шығарыла бастады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева