Қазақстанда халықаралық білім жүйесі енгізіледі

14.01.2022, 10:00

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері бірден екі жоғары білім ала алады. Оның бірі – америкалық ЖОО-ның дипломы. Аризонадағы жетекші университеттердің бірімен стратегиялық серіктестік аясында Петропавлда халықаралық кампус құрылады. Алғашқы дайындық топтары қыркүйек айында ашылады деп жоспарланып отыр. Заманауи оқу бағдарламасы агроинженерлік бағытта болмақ. Шетелдік оқытушылар оқу үдерісіне тартылады, ал отандық мұғалімдер шетелде біліктілігін арттыра алады.

Ерлан Шұланов, басқарма төрағасы, университет ректоры:

- «Қос диплом» бағдарламасы бойынша оқитын студенттерге Аризона университетінің үй кампусы базасында бір семестр бойы АҚШ-та білім алу мүмкіндігі беріледі. Жалпы мұндай жобаны жүзеге асыру жастардың елімізден шықпай-ақ халықаралық білім алуына жағдай жасап, сыртқа ағылуын айтарлықтай азайтады.

Ақмарал Тұрғалеева, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің басқарма мүшесі:

- Барлық бағдарлама бойынша қазақстандық және халықаралық профессорлар ағылшын тілінде оқытады. Нәтижесінде дарынды студенттер шетелге кетпейді деп ойлаймыз. Оларда халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, жақында өткен Мәжіліс отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандықтарды дамыту қажеттігін айтып, елімізде беделді шетелдік ЖОО-ның филиалдарын ашуды тапсырған еді.