ҚР Президенті: халықтың әл-ауқаты артады

11.01.2022, 17:00

Үкімет мүшелері, депутаттар мен әкімдердің еңбекақыларын көтеруге 5 жыл мораторий жарияланады. Мәжілістің жалпы отырысында осылай деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев есесіне әкімшілік, мемлекеттік және бюджетік қызметкерлердің, арнайы құрылым мамандарының жалақысы артуы тиіс дегенді алға тартты. Президент «Асан мен Үсеннің» кебін киіп жүргендер көбейгендігін меңзеді. Кедейлік деңгейін, яғни әлеуметтің әл-ауқатын асыру үшін халықтың нәпақасын өсіруге басымдық беріледі. Жастардың бастамасына берілетін гранттар құны 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтау керек. Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді тасырамын. Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты осы құжаттың аясында пандемия тәуекелдері мен қордаланған проблемаларды ескере отырып бейімделуі керек. Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі элементіне айналуы тиіс.

Мемлекет басшысы ел қазынасының тең жартысынан астамын әлеуметтік шығындар құрайды, алайда бұл қаражы қоғамның өзекті мәселелерін шешуге жеткіліксіз екенін тілге тиек етті. Оның орнын толтыру қамында Президент тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылмақ. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Бұл қорға лотереялық қызмет операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа монополистердің міндетті аударымдары түсіп отырады. Әрине, біз ірі бизнес тарапынан ауқымды және тұрақты, астын сызып айтайын «тұрақты» аударымдарды күтеміз. Үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайын аударылатын жарналар мөлшерін бекітуі керек. Оған қоса үлкен қаражатқа ие болып, көлеңкеде жүрген тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте еліміздің ішкі жалпы өнім активінің 60% жуығы жиналған «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын қатаң сынға алды.

«Егер қорды реформалау мүмкін болмаса, ондай құрылымның болмағаны дұрыс», – деді. Мемлекет басшысы көпшіліктің ашуын тудырған ЛРТ құрылысы туралы да пікір білдірді. Жұмсалған уақыт пен қаржы зая кетпес үшін оны бұзбай қайта құрылысты жаңғырту үшін, отандық және шетелдік сәулетшілер шақыртылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой, беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар бұл – сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба.

Қазақстандағы жыл сайынғы инфляция 2025 жылға қарай 4% аспауы тиіс. Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны бақылау бойынша жедел шаралар кешенін әзірлеуі керектігін тапсырды. Ол импортқа тәуелділікті, шектен тыс делдалдықты азайту және несие саясатының құралдарын қамтуы керек.