Грузияда елге орала алмаған отандастарымызға көмек көрсетілуде

11.01.2022, 10:51

Елдегі ахуалға байланысты шетелдерде қалып қойған қазақстандық туристердің елге оралуы біртіндеп қалпына келе бастады. Дегенмен әлі де қайта алмай жүргендер баршылық. Қазіргі таңда Грузияда 300-ге жуық отандасымыз өз рейстерін күтуде. Оларға Қазақстан дипломаттары көмектесіп жатыр. Бұған қоса Қазақстан-Грузин экономикалық бірлестігі де қаржылай жәрдем ұсынды. Кутаиси арқылы рейстерді қазақстандық лоукостер орындайды. Алайда ұшақта орын шектеулі. Жағдайға байланысты Грузиядағы Қазақстан елшілігі тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желіні» іске қосты.

Ерлан Абишев, ҚР Елшілігінің Грузиядағы консулы:

- Грузиядан Қазақстанға әуе рейстері тоқтаған сәттен бастап, Елшілік қазақстандықтарды елге қайтару мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Сондай-ақ олардың барлығы барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілді. Азаматтарды қонақүйлерге тегін орналастыруға, тамақтандыруға көмек көрсетіліп жатыр. Тегін ПТР-тестілер, трансферлер ұйымдастырылуда. Басымдық бірінші кезекте баламен жүрген әйелдерге, қарттарға және қаңтардың бастапқы күндері билет сатып алғандарға беріледі.

Динара Избаева, Қазақстан азаматы:

- Біз Ақтөбеге қайтып барамыз. Тбилисиге турист ретінде 3 қаңтарға қарай келгенбіз. Қазір тіркеуден сәтті өтіп жатырмыз. Байланыс үзіліп қалған туған-туысымызды ақыры көретін болдық. Қазақстанда интернет өшіп қалды ғой. Қазір жағдай тұрақталды, енді бәрі жақсы болады деп сенемін.