Полицияның арнайы құрамы мен Ұлттық гвардияны жарақтандыруға қаржы бөлінді

10.01.2022, 19:00

Үкіметтің төтенше резервінен Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның арнайы бөлімшелерін жарақтандыруға қажетті қаражат бөлінді. Бұл туралы Премьер-Министрдің міндетін атқарушы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Сонымен қатар елде жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына материалдық көмек көрсету бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы:

- Қазақстан бұрын болмаған деструктивті күштердің агрессиясына тап болды. Ең үлкен мегаполис Алматы мен көптеген облыс орталығы терроршылар мен бандиттердің соққысына ұшырады. Тәртіп пен заңдылықты қалпына келтіру жолында полиция қызметкерлері мен әскерилер жанын қиды. Аза тұту күнінде олардың отбасы мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамын.

Сондай-ақ бүлік шығынын бағалау үшін өңірлерде комиссиялар құрылды. Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылауды және мұқтаж топтар үшін баспананы жалға алу құнын субсидиялау механизмін әзірлеуді тапсырды.