ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті

10.01.2022, 16:15

Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасауға тойтарыс берілді. Террористердің мақсаты елорда мен Ақорданы басып алу болған. ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Ол бұл ұйымның күші толығымен іске қосылған алғашқы жағдай екенін, сондай-ақ бітімгерлер келгеннен кейін қылмыскерлер Президент резиденциясын басып алу жоспарынан бас тартқанын айтты.

Айта кетейік, онлайн форматта өткен сессия бір минуттық үнсіздіктен кейін ашылды. ҰҚШҰ-ға қатысушы елдердің көшбасшылары қаза болғандарға құрметін осылай білдірді. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы оқиғаны «нағыз террористік соғыс» деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Бұған бір уақытта бірдей аймақтық билік ғимараттарына, құқық қорғау органдарына, тергеу изоляторларына, стратегиялық нысандарға, банктерге, телеарналарға бірдей жасалған шабуылдар дәлел болып отыр. Әуежайлар басып алынып, автокөлік және темір жолдар жабылды, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтірілді. Әскери бөлімдер мен әскери блокпосттарға жасалған шабуыл кезінде қылмыскерлер қару-жарақ пен әскери техниканы алып кетуге тырысты. Алматыда және басқа да қалаларда нағыз соғыс болды. Мысалы, Департаменттің немесе Ішкі істер департаменті ғимаратының айналасындағы шайқас екі түн бойы жалғасты. Полиция лаңкестік шабуылдардан қорғанды.

Президенттің айтуынша, қылмыскерлер қатыгездік көрсеткен. Сондай-ақ бұл жақсы дайындалған мамандардың, соның ішінде мылтықтары бар мергендердің шабуылы екенін атап өтті. Жалпы агрессивті оқиғалар бір уақытта 11 аймақты қамтыды, негізгі соққы Алматыға тиді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Қазақстанның күш құрылымдары қысқа мерзім ішінде жағдайды өз бақылауына алып, шабуылдаушыларға тойтарыс бере алды. Елімізге жасалған бұл ауыр істің артында террористердің, оның ішінде шетелдік содырлардың тұрғанын сеніммен айта аламын. Қазақстан ҰҚШҰ-ның көмегіне жүгінді. Ол өте орынды әрі уақытылы болды.

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің айтуынша, ҰҚШҰ-ның әскері жағдай толық тұрақталғанға дейін Қазақстанда болады. Бітімгерлер Қазақстандағы жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермегенін атап өтті.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Бірнеше сағат ішінде Қазақстанда мемлекеттік биліктің құламауы, ішкі ахуал толық ушықпауы үшін террористерге, қылмыскерлерге, тонаушыларға және басқа да криминалдық элементтерге тосқауыл қою керек болды. Қазақстан Президенті маған хабарласқан кезде де, адамдар сәт сайын телефонға хабарласып, қылмыскерлер мен террористерден қорғауды сұрап, тіпті талап еткенін айтқан болатын. Бауырлас, көршілес Қазақстан халқына көмек көрсету бойынша бірлескен қадамдар барынша жедел қабылданды.

Бүгінге дейін Қазақстанға екі мыңнан астам әскери  мен 250 техника келгенін айта кеткен жөн. ҰҚШҰ өзінің сұранысқа ие екенін әрі беделін дәлелдеді. Қатысушы мемлекеттер алдағы уақытта ынтымақтастық деңгейін арттыруды жоспарлап отыр.