Алматыда екі лаңкестік топ ұсталды

10.01.2022, 14:00

Алматы қаласында 4-8 қаңтар аралығында террорлық актіге қатысқан 2 экстремистік топ жойылды. Бұл туралы ҰҚК-нің баспасөз қызметі хабарлады.

«9 қаңтарда экстремистік әрекетке алдап-арбау, экстремистік ұйымға басшылық ету және оған қатысу, сондай-ақ жаппай құқыққа қайшы акцияларды жүргізу күдігімен бір ұяшықтың 4 мүшесі ұсталды. Күдіктілердің тұрғылықты мекендерін тексеру барысында атылатын қару, дыбыс-жарық гранаталары, оқ-дәрілер және діни әдебиеттер мен өзге де заттар айғақ ретінде тәркіленді», - деп хабарлайды ҰҚК.

Ұйым жетекшісі халықаралық террористік ұжыммен байланысы бар, жаппай тәртіпсіздікке белсенді атсалысқан шетел азаматы екені анықталған. Тергеу тұжырымы бойынша, ол Қазақстанға жаппай құқыққа қайшы акцияларды дайындап, сондай-ақ билік органдары мен қарулы құрылымдарға шабуыл жасау үшін келген. Қазір оның сыбайластары іздестіріліп жатыр.