Сарапшылар ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады

09.01.2022, 20:55

Қазақстандағы ахуал туралы халықаралық ақпарат құралдары да хабар таратуда. Алайда отандық сарапшылар халықаралық БАҚ-ты оқыған сәтте ақпаратты талғауға кеңес береді. Танымал сарапшы, журналист, тележүргізуші Рахым Ошақбаевтың айтуынша, қазіргі таңда таралған мәліметтер арасында жалған ақпаратты жиі кездестіруге болады. «Сондықтан отандастарымыз ресми мәлімет көзіне сүйенсе», - дейді.

Рахым Ошақбаев, сарапшы:

- Көптеген шетелдік бақылаушы ресейлік әскерилердің, ҰҚШҰ бітімгерлерінің Қазақстан аумағына енуі Ресейдің ықпал ету аясын кеңейтеді деп қауіптенеді. Шетелдік ақпарат құралдары да осы тақырыпты қайта-қайта қозғап жатыр. Алайда бітімгерлердің тек дағдарыстық кезеңде ғана болатыны белгілі. Бізде Ресейден және өзге елдерден келген мыңға тарта жауынгер бар. Дағдарыстан кейін олардың елден кететініне күмән жоқ.

Ұлыбек Қиманов, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:

- Менің шетелде тұратын достарым өте көп, олар оқиға басталған сәттен бастап батыстық ақпарат көздерінен түрлі сілтеме жібере бастады. Тақырыбын оқығаннан-ақ, ақпаратты тек біржақты беріп отырғандарын түсіндім. Көбінесе ол теріс жағынан беріледі және елдегі ахуал жайлы толық түсінік алуға мүмкіндік бермейді. Мен Қазақстанда бола тұра ресми ақпаратқа қол жеткізе отырып, жағдай тұрақтанғанша күткен дұрыс деп ойлаймын. Десек те шындықты білу, оған анализ жасау үшін сырттан бақылау қажет. Қазір ақпарат көп таралып жатқан сәтте адамдар қате мәлімет алуы мүмкін. Сондықтан оларға барлық ақпаратқа сақтықпен қарауға кеңес бергім келеді.