Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді толық орындайды

09.01.2022, 16:50

Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесі белгіленген мерзімде толық көлемде орындалады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Ағымдағы жылғы 8 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың шоттарына 176 млрд теңгеден астам қаржы аударылды. Барлық қаражат белгіленген тәртіпке және бекітілген кестеге сәйкес алушылардың шоттарына түседі. Сонымен қатар 2021 жылдың 4-тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған азаматтарға төлемдер төтенше жағдай режимінің қолданылуына байланысты, ағымдағы жылдың 1-тоқсанына автоматты түрде ұзартылатын болады. Бұл шара 88 мың отбасын немесе 432 мың адамды қамтиды.