Дәурен Абаев: ОДКБ бітімгерлері әскери қимылдарға қатыспайды

07.01.2022, 13:02

ОДКБ әскерлері әскери қимылдарға қатыспайды және террористерді жоюмен айналыспайды. Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев елге келген бітімгерлердің нақты немен айналысатынын айтты. Оның айтуынша, олар тек қорғау және күзету қызметін орындайды.

Қадірлі отандастар!

Біз баршаңыздың Алматыда және еліміздің басқа да өңірлерінде болып жатқан жағдайға қатты алаңдап отырғандарыңызды жақсы білеміз. Бүгінде қоғам көп сұрақты түсініп, оған жауап алғысы келеді.

Өкінішке қарай, оқиғалардың бүкіл мән-жайын дәл қазір жайып салу мүмкін емес. Өте көп ақпарат анықталып, нақтылануда. Сондықтан тергеу органдары тексеріп, растаған барлық мәліметті өздеріңізге дереу жеткізіп отырамыз. Бұл еліміздің барлық аймағында интернет жұмысын қалпына келтіру мәселесіне де қатысты.

Өздеріңіз білетіндей, Алматы қаласында наразылықтар 3 қаңтарда басталды. Ол басында бейбіт сипатта болды.

Полиция мен ұлттық гвардия наразылық танытушыларға қарсы қару қолданған жоқ.

Бірақ кейіннен бейбіт шеруге шыққандардың үнін озбырлық пен тәртіпсіздікке шақырған арандатушылардың даусы басып кетті. Топты қолына қару, темір, Молотов коктейлін ұстаған бандиттер мен террористер бастап кетті.

Бандылардың бір тобы тонауды бастады. Ал ұйымдасқан террористтер  қару дүкендеріне шабуылдап, соққыға жығылған полиция мен әскерилерден арнайы қорғаныс құралдарын тартып алумен айналысқан.

Террористер кәсіби түрде қимылдаған. Ең алдымен олар қаланың әкімшілік ғимараттары мен Алматыдағы телеарналардың офистерін басып алып, қиратқан. Орталық телевидение арқылы бірнеше рет тікелей эфирге шығуға тырысқан. Шекара әскерлері Көктөбедегі телемұнараға жасалған екі шабуылды тойтарды.

Әуежай мен бірнеше ұшақ жедел түрде басып алынды. Басып алынған барлық нысанда баррикада мен блок-посттар орнатылған.

Полиция департаменті ғимаратына шабуыл жасалды. Террористер сапында арнайы винтовкасы бар мергендер болған.

Бақылау камералары, байланыс пен аудиобейне жіберуші құралдар сындырылған.

Олар негізінен тәртіп сақтау органдары қызметкерлерін нысанаға алған. Тіпті бір жас курсанттың басын кесіп алған оқиға тіркелді. Қазіргі уақытта 18 қызметкердің қайтыс болған дерегі белгілі.

Басында  террористермен күреске күш жеткіліксіз болды. Бірнеше өңірде жағдай күрделі болғандықтан, қосымша күш тарту қиындық туғызды.

Осының бәрі жаппай қирату, тонау, бейбіт тұрғындарды, күзетшілерді, әйелдер мен қарттарды ұрып-соғу оқиғаларымен қатар жүрді.

Ұлттық қауіпсіздік шартты ұйымы туралы мынаны айтқым келеді.

Ұйымға мүше елдердің бітімгершілік контингенті енгізілді. Бұл – бітімгершілік миссиясы. ОДКБ әскерлері әскери қимылдарға қатыспайды және террористерді жоюмен айналыспайды.

6 қаңтарда қаланы тазарту операциясының әскери бөлігін Қорғаныс министрлігінің «Арыстан», «Арлан», «Бүркіт» бөлімшелері атқарды.

Сонымен бірге Ұйымның бітімгершілік миссиясы қорғау және күзету қызметін орындайды.

Операция нәтижесінде қаланың барлық әкімшілік ғимараты террористерден тазартылды. Террористер жойылды және ұсталды. Қазір олардың кім екені анықталуда. Олардың экстремистік ұйымдарға тиесілі болу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Алматылықтардан қалада жүріп-тұруды шектеуді сұраймыз. Қазір тығылып қалған бандыларды іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бүгінгі күні барлық өңірде тәртіп қалпына келтірілді. Жағдай қалыпқа түсті. Қайтыс болған жандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.

Бәріңізді Қазақстанды қалыпты өмірге бірлесіп қайтаруға шақырамын.