Роза Бағланованың мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі

05.01.2022, 09:00

Аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Биыл – Кеңес жауынгерлерінің бойына жігер беріп, оқ пен оттың астында жүріп ән шырқаған аңыз адамның туғанына 100 жыл.

Күміс көмей әнші ғұмырында 100-ден аса елде концерт беріп, 25-тен астам тілде ән салған. Роза Тәжібайқызының репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары және орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, қырғыз, моңғол, чех, венгр, қытай, корей, үнді, швед халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Ол 1947-1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының, ал 1960 жылдан бері «Қазақконцерттің» әншісі болды.

Жеңіс Сейдуллаұлы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры:

- Үлкен концертке дайындық үстіндеміз. Әрі қарай фестиваль ретінде республикалық сахналарда керемет қойылым қойылады. Сондай-ақ Қызылорда қаласында Роза Бағлановаға арналған ескерткіш ашылмақ. Біз өзіміздің нағыз бұлбұлымызды ұлықтауымыз керек.