Ортағасырлық Бытығай қаласы қайта жаңғыртылады

27.12.2021, 12:00

Ақмола облысындағы Бытығай ортағасырлық қалашығынан биыл табылған қыш құмыраның сыры ашылды.

Еске сала кетейік, көне жәдігер өзгерместен сол күйі сақталған. Таңғаларлық жайт, қыл мойынды бүтін ыдыстың ішінде белдеуінен жоғары деңгейде толтырылған майға ұқсас қоңыр түсті сұйықтық анықталған. «Бұл – Еуразия аумағында бұрын-соңды болмаған тың жаңалық», - дейді отандық ғалымдар.

Айнагүл Ғаниева, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми хатшысы:

- Бұл қыш ыдыстағы сұйықтық жер қойнауында 700 жыл бойы бүлінбей сақталған. Биыл қазба жұмыстары аяқталысымен құмырадағы сұйықтықтың құрамына арнайы сараптама жүргізу үшін геологиялық зерттеу институтына жіберген болатынбыз. Жақында қорытындысы келді, оның нәтижелері де бірегей. Көне құмырадағы ерекше сұйықтық кәдімгі битум болып шықты.

Мамандар табиғи битум өндірістік мақсатта пайдаланылды деген байламға келіп отыр. Биіктігі – 40 см, ені – 25 см шамасында, сыйымдылығы 6 литр болатын өткеннің жұрнағы ортағасырлық қала мәдениетінің үлгісіне тән бірегей мекеннің тас өңдеуге арналған шеберханасын барлау барысында табылған.

Серхазы Сәкенов, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері:

- 700 жыл бұрын жергілікті шеберлер, зергерлер осы мұнай-химия саласындағы битумды өз өндірістерінде қолдана білген. Битум қалай табылды? Оны жер астынан шахта арқылы алды ма? Қандай технологиямен алды деген сынды сұрақтар туындайды. Жәдігердің барлығы сол заманда технологиялардың дамығанын көрсетеді.

Қазба жұмыстары кезінде шеберхана орнынан құмырадан бөлек, тас үгітуге арналған үш үлкен диірмен, кірпіш күйдіретін пеш, сырлы бояу әзірлейтін астау мен кірпіш қалдықтары табылған.

Жеңіс Ермұқанов, корреспондент:

- Отандық ғалымдар ортағасырларда ұлы далада құрылыстың қарқынды дамығанын дәлелдеген. Мәселен, Сарыарқаның төрінде елорда маңынан табылған кірпіштер XIII-XIV ғасырларда жасалған. Олардың бірнеше түрі болған және мемлекеттік стандартпен әзірленген. Нысан қасбетін әрлеу үшін осындай қолданбалы сәндік кірпіштер қолданылған және құрылыста глазурь пайдаланылған. Оның өңі әлі күнге дейін кетпепті. Яғни сапасы мінсіз.

Бұл құнды жәдігерлер ортағасырдың үш бірдей кезеңінен, яғни Алтын Орда, Жошы хан қағанаты мен Қазақ хандығы тұсындағы өркениеттен сыр шертеді.

Серхазы Сәкенов, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері:

- Бытығай қалашығының аумағы шамамен 35 гектарды алып жатыр. Әртүрлі ғимарат бар. Біз оның кішгірім ғана бөлігін қаздық. Келесі жылы бұл аумақта үлкен қазба жұмыстары басталады. Ол қазбалардан жақсы нәтиже күтеміз.

Қазба жұмыстары толық игеріліп болған соң өткенді түгендейтін жәдігерлер жаңғыртылып, Бытығай көне қалашығын қайта қалпына келтіру жоспарланған. Тарихи мекен туристік нысанға айналып, ашық аспан астындағы музей құрылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов